Облыс әкімі Асхат Шахаров Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында бүгін елімізде басталған “Таза Қазақстан” акциясы және Ақтөбе өңірінде қолға алынған “Мектеп орманшылығы” жобасы туралы жазба жариялады.
Жазба мәтіні:
«Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты — экомәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны таза ұстау.
Табиғатқа құрметпен қарау мәдениетін дамыту — болашақ ұрпақ алдындағы басты міндетіміздің бірі. Осы мақсатта біз облысымызда экологиялық тәрбиені нақты іс-шаралармен ұштастырған, елімізде баламасы жоқ ерекше жоба - «Мектеп орманшылығы» жобасын бастадық. Бұл бастама — «Таза Қазақстан» республикалық акциясының заңды жалғасы.
Жобаның алғашқы күні мектеп оқушыларымен бірге орман алқабына барып, көшет отырғыздық. Балалардың қызығушылығы мен жауапкершілігі мені ерекше қуантты. Әр отырғызылған ағаш — олардың болашаққа қосқан үлесі.
Жобаның аясында мектептерге орман қорынан нақты учаскелер бекітіліп, оқушылар жасыл желек егіп, күтім жасауды үйренеді. Бұл тек біркүндік шара емес — бұл ұзақмерзімді, жүйелі жұмыс. Алғаш болып қатысқан Ақтөбе қаласындағы №14 мектеп, №41 мектеп-гимназиясы және Ақтөбе орта мектебінің оқушылары бүгін Елек орман шаруашылығында алғашқы көшеттерді отырғызды.
Жобаға аудан мектептері де белсенді қатысып жатыр. Барлығы 500-ге жуық оқушы табиғатқа қамқорлық жасап, өңіріміздің жасыл келешегіне үлес қосуға ниетті екендерін көрсетті.
Біз бұл жобаны әрі қарай да кеңейтіп, облыстың барлық өңірінде жүйелі түрде жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл — тек бүгіннің ғана емес, ертеңіміздің де қамы.